Павлодар облысында Сот әкімшілігінің жаңа басшысы таныстырылды

Павлодар облысында Сот әкімшілігінің жаңа басшысы таныстырылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ол бұған дейін осы департаментте басшының орынбасары қызметін атқарған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, Павлодар облысы бойынша Сот әкімшілігі департаментінің басшысы болып Гүлстан Темірова тағайындалды. Жаңа басшыны сот корпусы мен өңір соттарының қызметкерлеріне Сот әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Шәкір Шаяхметов таныстырды.

Іс-шараға облыстық соттың төрағасы Серік Төлегенов пен облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов қатысты.

Шәкір Шаяхметов Гүлстан Темірованың мол тәжірибесін, кәсіби біліктілігін және ұйымдастырушылық қабілетін атап өтіп, оның басшылығымен департамент ұжымы аймақ соттарының жұмысын ұйымдастыру сапасын арттыру жолында бар күш-жігерін жұмсайтынына сенім білдірді.

Айта кетейік, Гүлстан Темірова 1972 жылы Семей қаласында дүниеге келген. Қазақ құқық және халықаралық қатынастар институтын тәмамдаған. Мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі 23 жылдан асады. Еңбек жолын Май халық сотында сот отырысының хатшысы ретінде бастаған. Әр жылдары Екібастұз қаласындағы сақтандыру компаниясында маман, қоғамдық-құқықтық қорда заң консультанты, Павлодар қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында және Павлодар облыстық сотында кеңсе меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2016 жылдың сәуір айынан бастап осы уақытқа дейін Павлодар облысы бойынша Сот әкімшілігі департаменті басшысының орынбасары қызметінде еңбек етті.