Павлодар облысында су тасқыны мен өрттің алдын алу шаралары пысықталды
Өңір әкімдігінде төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия отырысы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі Асайын Байханов күннің жылынуына екі айға жетер-жетпес уақыт қалғанын, осыған байланысты ықтимал қауіп-қатерлерге дайындық жұмыстары алдын ала басталып, тұрақты бақылауда болуы тиіс екенін атап өтті.
– Тәуекелдерді объективті бағалау қажет. Су тасқыны кезеңіне қатысты болжамдар біркелкі емес. Жағдайды жеңілдетпей, ықтимал су тасқындарына нақты дайындық керек, – деп атап өтті өңір басшысы.
Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Рустамбек Амрин су тасқынына қарсы атқарылып жатқан іс-шаралар туралы баяндады. Жалпы, өңірде дайындық жұмыстары қарқынды. Бүгінде 1 559 су өткізу құбыры толық тазартылып, қысқы кезеңге жабылды.
– Сонымен қатар 156 шақырым қорғаныс бөгеттері нығайтылып, 36 су өткізу құбыры орнатылды және жөндеуден өтті, 2 шақырым су бұру арналары жабдықталды, – деді облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Баянауыл ауданының Жаңажол және Қ. Сәтбаев атындағы ауылдық округтерінде гидромелиорациялық жүйелерді қайта жаңғырту бойынша ірі жобалар аяқталды. Бұл шамамен 23 миллион текше метр су көлемін реттеуді қамтамасыз етіп, 17 елді мекенді су басу қаупін төмендетуге мүмкіндік берді. Кенжекөл, Атамекен кенттеріндегі және Ақсу қаласындағы қорғаныс дамбаларына көпфакторлы тексеріс жүргізілді. Әкімдіктерге табиғатты қорғау мақсатында су жіберу басталғанға дейін қайта тексеру жүргізу тапсырылды.
Жедел әрекет ету үшін 1 870-тен астам адам, 769 техника, 21 жүзу құралы және 357 мотопомпа жұмылдырылмақ. ТЖД күштері облыстың қауіпті аймақтарын қамту үшін төрт эшелонға бөлінді. 2026 жылғы маусымға дайындық аясында Екібастұз қаласы мен Ертіс ауданының бөлімшелері күшейтіліп, қосымша мотопомпалар сатып алынды. Облыс әкімі қар шығаруды күшейтуді, Сілеті өзенінде мұз жару жұмыстарын қарастыруды және барлық қызметтердің жұмысын үйлестіруді тапсырды.
Комиссия отырысында өрт қаупі де назардан тыс қалмады.
– 2025 жылы бес өрт сөндіру пункті құрылса, 2026 жылы тағы 19 пункт ашу және 16-сын жаңарту жоспарлануда. Өткен жылы орман өрттерінің саны артқанымен, ерте анықтау жүйесінің арқасында олардың аумағы 46 есеге қысқарды. Орман өрттерінің 87%-ына найзағай себеп болса, дала өрттері 2,4 есеге өскен. Қазір өңірде су төгетін құрылғысы бар МИ-8 тікұшағы кезекшілікте тұр, – делінген хабарламада.
Саяжай массивтеріндегі жағдай ерекше бақылауда. 2025 жылы 29 саяжайда 101 өрт тіркеліп, 193 учаске зардап шеккен. Басты мәселе – жолдардың тарлығы, су көздерінің тапшылығы және қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы. Облыс әкімі саяжай серіктестіктерінде тәртіп орнатуды, минералдандырылған жолақтарды жаңартуды және құрғақ шөпті шабуды тапсырды.
Барлық дайындық жұмыстары аймақ басшысының жеке бақылауында болады.