Павлодар облысында су тасқынына дайындық тексерілді

Павлодар облысында су тасқынына дайындық тексерілді
Фото: Облыс әкімінің баспасөз қызметінен

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов Железин және Теренкөл аудандарына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі 

Өңірде көктемгі тасқынға дайындық жоспарлы әрі күшейтілген режимде жүргізілуде. Су өткізгіш құрылымдар тазартылып, елді мекендерден қар шығару жұмыстары ұйымдастырылған. Сонымен қатар, инженерлік және коммуналдық инфрақұрылымның үздіксіз жұмыс істеуі қамтамасыз етілген.

Сапар барысында су тасқынына қарсы іс-шараларға тартылған техника, күштер мен құралдардың дайындығы тексерілді.

– Су тасқыны кезеңіне дайындық алдын ала жүргізілуі тиіс. Біздің басты міндетіміз – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және су басу қаупін барынша азайту. Барлық қызметтер жедел әрекет етуге дайын болуы керек, – деді Серік Батырғожинов.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша азаматтық қорғау қызметтерінің дайындық деңгейін арттыруға бағытталған нақты тапсырмалар берілді.

Сондай-ақ, қар шығару және су тасқынына қарсы іс-шараларды ұйымдастыру үшін меморандум аясында аудандық шаруашылық субъектілері де жұмылдырылуда.

Айта кетейік, су тасқыны кезеңіне дайындық облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында.