Павлодар облысында тәркіленген есірткі заттары өртенді
Ведомствода заңсыз есірткі айналымына қарсы іс-қимыл жұмыстары кешенді сипатта жүргізіліп жатқанын атап өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Полиция қызметкерлері облыс орталығында заңсыз айналымнан тәркіленген 44 келі есірткі затын жойды. Жою рәсімі арнайы комиссияның қатысуымен, барлық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, өртеу тәсілі арқылы жүргізілді.
– Жоюға қылмыстық істер бойынша заттай дәлел ретінде танылған есірткі заттары ғана емес, сондай-ақ оларды дайындауға, сақтауға, қаптауға және тұтынуға пайдаланылған түрлі заттар мен құралдар да жатады. Аталған іс-шара нашақорлық пен наркобизнеске қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру аясында өткізілді. Бұл шаралар өсімдік тектес есірткі шикізатының заңсыз айналымға қайта түсуіне жол бермеуге және өңірдегі наркоқауіпті төмендетуге бағытталған. Мұндай іс-шаралар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және есірткі қылмысына қарсы күресті күшейтуге бағытталған, – деді облыстық полиция департаментінде.
Ведомство өңір тұрғындарын азаматтық белсенділік танытып, бейжай қарамауға шақырады. Есірткінің заңсыз айналымы туралы кез келген ақпарат шешуші рөл атқаруы мүмкін. Құқыққа қарсы әрекеттер туралы «Police 102» мобильді қосымшасы арқылы, 8 (7182) 39-10-38 сенім телефонына немесе «102» нөміріне хабарлауға болады. Анонимдікке кепілдік беріледі.