Павлодар облысында төрт аяқтылардың көмегімен қанша қылмыстың беті ашылды?
Әр қызметтік иттің күн тәртібі нақты жоспарланған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаментінің кинологиялық қызмет орталығы қылмысқа қарсы күресте қызметтік-іздестіру иттерін барынша тиімді пайдалануды мақсат еткен біртұтас тетік ретінде жұмыс істейді. Бүгінде орталықта полицияның 22 төрт аяқты көмекшісі қызмет етеді. Олар – неміс овчаркалары, лабрадорлар, спаниельдер, бельгиялық овчаркалар.
– Қызметтік иттердің әр таңы ветеринарлық тексеруден басталып, одан әрі бағыттары бойынша жаттығулармен жалғасады. Күн сайын полицияға түрлі шақыртулар түсіп жатады. Қызметкерлер оқиға орнына жедел түрде шығады. Иттер де адамдар секілді сезінеді, алаңдайды, сондықтан олар өз қызметтерін барынша жауапкершілікпен атқаруға тырысады. Олар барлық командаларды мүлтіксіз орындап, түрлі жағдайларда көмекке келеді: жоғалған заттарды іздеуден бастап қылмыскерлерді ұстауға дейін. Мұның артында полиция қызметімен өмірін байланыстырған кәсіби кинологтардың ұзақ әрі тынымсыз еңбегі жатыр, – деді облыстық полиция департаментінің кинологиялық қызмет орталығының бастығы Нияз Валиев.
Кинологтар қызметтік иттерді өз баласындай жақсы көреді. Олар күшіктерді кішкентай күнінен бастап тәрбиелеп, баптап, мейірім мен қамқорлық танытады. Қызметтік иттердің өткір иіс сезімін және адалдығын ешбір техника алмастыра алмайды.
Мысалы, «Буран» атты ержүрек қызметтік иті полицияда 5 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Ол есірткі заттарын іздеу бағытында маманданған. Оның көмегімен ондаған қылмыс ашылған. Павлодар қаласында Геринг – Елгин көшелерінің қиылысында полицейлер тексеру мақсатында «Nissan» маркалы автокөлікті тоқтатты. Жүргізушімен әңгімелесу барысында «Буран» қызметтік иті мінез-құлқымен автокөлік салонында күмәнді зат бар екенін көрсетті. Көліктің артқы орындығының астын тексеру кезінде тәртіп сақшылары өсімдік тектес сұр-жасыл түсті екі брикетті анықтады.
– Кинологиялық қызмет – ерекше бөлімше. Мұнда кездейсоқ адамдар болмайды, себебі оның негізінде жануарларға деген сүйіспеншілік жатыр. Еңбексүйгіштік, төзімділік, бастамашылдық, жауапкершілік пен мұқияттылық – адам мен ит арасындағы табысты тандемнің басты кепілі, – деді Нияз Валиев.
Жыл басынан бері қызметтік иттерді қолдану арқылы 150-ден астам қылмыс ашылды, оның ішінде 55-і есірткі қылмыстары бойынша.