Павлодар облысында тұрғын үй ережелерін бұзу фактісі анықталды
Толық емес отбасыға берілген пәтерде басқа адамдар болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ақсу қаласында мемлекеттік тұрғын үйдің мақсатты пайдалануын тексеруге арналған рейд өтті. Әлеуметтік осал санатқа («толық емес отбасы») жататын ер адамға берілген бір бөлмелі пәтерді тексеру кезінде заң бұзушылықтар анықталды.
Тексеру барысында ер адам мен кәмелетке толмаған ұлына берілген пәтерде бала тұрмайтыны, оның әжесінің үйінде екені белгілі болды.
- Тексеру барысында жалға алушымен баласымен емес, ер адаммен бірге тұратын әйел және 10 айлық сәби мекен ететіні анықталды. Әйел мен балада жеке куәлігі мен азаматтықты растайтын құжаттары болмаған. Бала медициналық мекемеге тіркелмеген. Пәтерде санитарлық талаптар сақталмаған. 10 айлық баланың бөлек ұйықтайтын орны мен арнайы тамағы болмаған. Сәбиді қарапайым дүкен сүтімен тамақтандырған. Тексеру кезінде ер адам орташа дәрежеде алкогольдік мас күйде болды, — дейді Ақсу қаласының жасөспірімдер полициясының аға инспекторы Айнагүл Ахметова.
Полиция қызметкерлері тек хаттама толтырумен шектелмей, отбасыға жедел көмек көрсетті. Яғни балаға қажетті азық-түлікті сатып әкеліп, серіктесіне жеке куәлік пен баланың туу туралы куәлігін рәсімдеуге көмектесті. Сондай-ақ сәбиін медициналық мекемеге тіркетті.
Оқиға туралы тиісті мемлекеттік органдарға хабарланды, отбасыға бақылау жүргізу және әлеуметтік тұрғын үйді пайдалану құқығын шешу мәселелері қарастырылатын болады.