Павлодар облысында жұмыссыздық белең алуда

Барлық жұмыссыз адамдар үшін төрт мыңнан астам жұмыс орны ашылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мансап орталықтарында 11758 адам жұмыссыз ретінде тіркелген, бұл – өткен жылмен салыстырғанда 1794 адамға артық. Бірақ республика бойынша статистикамен салыстырғанда Павлодар облысында жұмыссыздық деңгейі төмен. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова жұмыссыздықтың өсу себебін түсіндірді.
– Қазір жұмыссыз ретінде тіркелу оңай, өйткені бүкіл процедура онлайн форматқа көшті, барлық қызметтер автоматтандырылды. Компьютер арқылы жұмыс іздеуші болып, жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алып, жұмысқа орналасуға да болады, – деді басқарма басшысы.
Павлодар облысында алдағы алты жылда кадрларға сұраныс 63 мың адамды құрайды, оның 75 пайыздан астамы – кәсіптік білімі бар жұмысшылар. Қазіргі таңда арнайы техника жүргізушісі, дәнекерлеуші, құрылысшы және техникалық мамандар сияқты мамандықтар сұранысқа ие. Болжамдарға сәйкес, бұл мамандықтардың өзектілігі тек арта береді.
Өткен жылдың басынан бері 4156 жұмыс орны ашылды, оның 1356-сы – тұрақты. Тұрақты жұмыс орындарына білім беру және ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіптер жатады.
Жұмысқа орналасар алдында жұмыссыздар оқудан өтуі керек.
– 2025 жылы қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарымен 425 адамды қамтуды жоспарлап отырмыз, оның ішінде 360 адам оқу орындарында, 65 адам жұмыс берушілермен жұмыс орнында оқиды. Skills Enbek платформасында екі мың жұмыссыз азаматты онлайн оқытумен қамтуды жоспарлап отырмыз. Платформада 858 курс бар, оның ішінде 311-і тегін. Бұл платформада жұмыссыздар ғана емес, кез келген адам да оқи алады, – дейді Альмира Дисюпова.
Сондай-ақ, биылғы жылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мақсатында халықтың әлеуметтік осал санаттарына 1,5 миллион теңгеге 406 грант беру жоспарлануда. Бірінші легі мамыр айында басталады. Гранттар тек онлайн түрде беріледі. Грант алу үшін оқудан өту қажет емес, бизнес-жоспарды қорғау жеткілікті.