Павлодар облысында жетім баланың тұрғын үй кезегіндегі құқығы қалпына келтірілді
Баланың құқығы он алты жылдан кейін қорғалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыста жетім баланың баспана алу құқығы сот шешімімен қалпына келтірілді. Ол 2008 жылы ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, балалар үйіне орналастырылған. Алайда мемлекеттік тұрғын үй алу үшін есепке тек 2014 жылы алынған.
2023 жылы уәкілетті орган оны басқа елді мекенге тұрақты тұруға көшіп кеткен деген негізбен тізімнен шығарған. Кейін талап қоюшы бірнеше рет шағым түсіріп, тұрғын үйге мұқтаждар қатарындағы құқығын 2008 жылдан бастап қалпына келтіруді сұраған. Алайда оны қайтадан 2014 жылғы алғашқы есепке қойылған күнімен тіркеген.
Бұл шешіммен келіспеген азамат сотқа жүгінді. Сот қорғаншылық міндеттерін жүзеге асыратын органдар мен ұйымдардың өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамағанын анықтады. Соның салдарынан талап қоюшы баспанаға мұқтаж ретінде дер кезінде есепке алынбаған.
– Талап қоюшының кеш тіркелуіне оның кінәсі жоқ. Кәмелетке толмағандықтан, ол тұрғын үйге қатысты өз құқығын өз бетінше жүзеге асыра алмады, – деп атап өтті сот.
Істі қарау кезінде оның тәрбиеленген балалар үйінің қазіргі таңда таратылғаны да назарға алынды. Бұған қоса, уәкілетті орган оның тәрбиеге орналастырылуына қатысты істің мән-жайына құқықтық баға беруге ықпал ететін дәлелдерді ұсынбаған.
«Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес, баспанаға мұқтаж деп танылып, есепке алынған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тұрғын үймен қамтамасыз етілгенге дейін кезектен шығарылмауы тиіс.
Сот мемлекеттік органдардың әрекетсіздігін және лауазымды тұлғалардың заңсыз шешімдерін анықтап, азаматтың 2008 жылы балалар үйіне қабылданған кезінен бастап мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу жөніндегі құқығын қалпына келтірді.
Сот шешімі заңды күшіне енді.