Павлодар облысында жылқы мен түйе саны артты
Ауыл шаруашылығы жануарларының саны бір миллионнан асты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде өткен жылдың қорытындысы бойынша мал шаруашылығы саласында оң динамика байқалды. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының өңірлік департаменті мәлімдеді.
Ағымдағы жылдың алғашқы кезеңіндегі мәлімет бойынша облыста барлық санаттағы шаруашылықтарда ауыл шаруашылығы жануарларының саны 1,3 миллион басқа жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 1,1 пайызға артты.
Әсіресе жылқы мен түйе саны айтарлықтай көбейген. Жылқы басы 25 пайызға, ал түйе саны 6,9 пайызға өскен.
Қой мен ешкі санының ең жоғары өсімі Баянауыл ауданында тіркелді –19,4 пайыз. Сондай-ақ Павлодар ауданында 21,9 пайызға, Май ауданында 18,6 пайызға артқан. Ал шошқа саны, керісінше, 3,2 пайызға азайған.
Аймақтағы ауыл шаруашылығы жануарларының басым бөлігі жеке үй шаруашылықтарында өсіріледі. Олардың үлесі 83,8 пайызды құрайды. Шаруа және фермер қожалықтарында ірі қара малдың 41,4 пайызы, қой мен ешкінің 93,6 пайызы және жылқының 51,6 пайызы шоғырланған.
Өнім өндірісінде де өсім байқалады. 2024 жылмен салыстырғанда барлық санаттағы шаруашылықтарда: ет өндірісі 2,9 пайызға, сүт өндірісі 7,4 пайызға, ал жұмыртқа өндірісі 2,2 пайызға артты.
Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіштер өңірде мал шаруашылығының тұрақты дамып келе жатқанын және ауыл шаруашылығы өндірісінің әлеуеті жоғары екенін көрсетеді.