Павлодар облысында жүк көліктерінің қозғалысына жазғы шектеулер енгізіледі

Бұл шара жол жамылғысын қорғау мақсатында қабылданды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы жаз мезгілінде республикалық маңызы бар автожолдарда ауыр жүк көліктерінің қозғалысына уақытша шектеулер енгізілетінін хабарлайды. Бұл шаралар күннің ыстығында жол жамылғысын сақтауға және қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етуге бағытталған.
Еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерінде 1 маусымнан 31 тамызға дейін, ал солтүстік және шығыс өңірлерінде 15 тамызға дейін шектеулер жалғасады.
Шектеулер +25°C жоғары ауа температурасы кезінде, күндізгі уақытта енгізіледі. Яғни, Павлодар облысында 15 тамызға дейін сағат 11:00-21:00 аралығында келесі аймақтарда қозғалысқа шектеу қойылады. Бұл шектеулер Абай, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында да жарияланды.
Шектеулер жол жамылғысын қорғау мақсатында енгізіледі.
– Жоғары температурада асфальт жамылғысы жұмсарып, ауыр жүктемеге төтеп бере алмайды. Бұл жол жабынының бұзылуына, ойықтар мен ақаулардың пайда болуына алып келеді, – деді «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясында.
Жазғы шектеулерді сақтау жолдардың қызмет ету мерзімін ұзартып, жөндеу шығындарын азайтады және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы жүк тасымалдаушыларды белгіленген тәртіпті сақтауға және маршруттарын шектеу режимін ескере отырып жоспарлауға шақырады.