Павлодар облысының бүркітшілері республикалық жарыста топ жарды
Аталған жарыста үш құсбегі облыс намысын қорғады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық аясында құсбегіліктен ересектер арасындағы 17-ші Қазақстан Республикасының чемпионаты мәресіне жетті. Ел біріншілігі Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданына қарасты Бозанбай ауылында өтті.
Чемпионатқа еліміздің 10 облысы мен екі қаласынан келген 100-ге жуық құсбегі қатысты.
– Бұл чемпионаттың ерекшелігі – жарыстың барлық кезеңін айқын көрсетіп тұратын электронды табло мен электронды шырға пайдаланылды, – дейді республикалық «Құсбегілік» федерациясының вице-президенті Бағдат Мүптекеқызы.
Жарыс үш құстың түрі бойынша ұйымдастырылды: бүркіт, қаршыға, ителгі.
Павлодар облысың намысын қорғаған бүркітшілер Ермек Иманзайып «Ителгі құсы» аталымы бойынша «Ақсеңгір» құсымен екінші орынға ие болса, Алан Ысқақов «Сонар» атты құсымен «Бүркіт құсы» кезеңінде үшінші орынға ие болды.
Еске сала кетейік, Алан Ысқақов бұған дейін өткен ел біріншілігінде бүркітімен қарсыластарына шаң жұтқызып, жеңімпаз атанған болатын. Ол жарыста құсбегі спорт шебері атағын алған болатын. Жас құсбегінің әкесі Бекболат Ысқақов бүркіт асырайды. Ермек Иманзайыптың әкесі Иманзайып Тасыбаев та атақты құсбегі болған.