Павлодар облысының орман мекемелері жаңа техниканы іске қосуға дайындалып жатыр

Павлодар облысының орман мекемелері жаңа техниканы іске қосуға дайындалып жатыр
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Барлық рәсімдер аяқталған соң техника қолданысқа берілмек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл мәселе Павлодар облыстық ревизиялық комиссиясының отырысында қаралды. Жиында орман шаруашылығы мекемелеріне бөлінген бюджет қаражатын жоспарлау мен пайдаланудың тиімділігін бағалау үшін жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындысы талқыланды.

Ревизиялық комиссия мүшесі Анар Мұратованың мәліметінше, аудит облыстың орман шаруашылығы нысандарын қамтыды.

– Көру тексерісі барысында былтыр жалпы құны 12,9 миллион теңге болатын активтердің пайдаланылмай отырғаны анықталды. Оның ішінде – 11 планшет пен 17 мотоцикл бар. Планшеттер лауазымды тұлғалар тарапынан мақсатқа сай қолданылмағандықтан, әкімшілік құқықбұзушылықтарды құжаттау процесіне тартылмаған. Сондай-ақ 17 мотоцикл пайдаланылмай тұр, бұл жалпы санының 52 пайызы. Себебі орман инспекторларында «А» санатты жүргізуші куәлігі жоқ, – деді Анар Мұратова.

Павлодар ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің басшысы Аждар Жүсіпов планшеттерге қатысты қиындықтарды түсіндірді.

– Оларды SIM-картасыз қолдану мүмкін емес. 1 қыркүйектен бастап сатып алушы қызметкер жұмыстан шығып, орнына жаңа адам қабылданды. Бірақ SIM-карталар сатып алуға қаражат бөлу әзірге жүзеге аспады. Сома – 395 мың теңге, техникалық сипаттама дайын. Ал мотоциклдерге келсек, олар сатып алынды, бірақ қызметкерлер жүргізуші куәлігін алмайынша қолдана алмаймыз. Бәрі оқыды, тек емтихан тапсыру қалды. Техникалық себептерге байланысты белгіленген мерзімде үлгермедік. Қайта тапсыру мен рәсімдеуді жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді ол.

Үрлітүп орман мекемесінің басшысы Ернар Шекеев те SIM-карталар мәселесіне тоқталды:

– Планшеттерге арналған SIM-карталар қарапайым телефондарға арналғандардан өзгеше, техникалық ерекшеліктері бар. Қазір техника жаңартылып жатыр, мысалы, біз дрондар сатып алдық. SIM-карталарға әзірге тек «Қазақтелеком» -нан бір ғана ұсыныс түсті. Ал ережеге сәйкес кемінде үш ұсыныс қажет. Қазір басқа әлеуетті жеткізушілерді іздеп жатырмыз. Бұл қызметтер бюджет өтініміне енгізілді. Жыл соңына дейін жұмыстарды аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді ол.

Комиссия мүшелері техниканың 2024 жылы сатып алынғанын, бірақ жоспарлау жұмыстарының 2023 жылы басталғанын атап өтті. Олар бюджет жоспарлау процесінің жарты жылға дейін созылатынын ескертіп, барлық қажеттіліктерді алдын ала қарастыру маңызды екенін жеткізді.