Павлодар облысының ауылында сексенге жуық қой қырылды
Малдарға жабайы иттер шабуылдаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Әлеуметтік желіде Павлодар ауданы Кемеңгер ауылында малдардың қырылуы бейнеге жазылып, таралып кетті. Ветеринарлар бұл жағдайды тексеру үшін оқиға орнына барған еді.
– 29 шілдеде түнде Кемеңгер ауылында ұсақ қара мал, атап айтқанда 83 қой қырылды. Жабайы иттер 15 қойды кеміріп тастады, ал қалған малдар қорыққандықтан тапталып мертікті, – деді облыстық ветеринариялық станциясы басшысының м.а. Ержан Ахметов.
Оның сөзінше, ветеринариялық станцияның қызметкерлері екі жабайы итті ұстады. Олар 10 күндік бақылауда болады.
– Қырылған малдардан зерттеуге материалдар алынды. Иттердің құттыру белгілері расталса, утилизация мәселесі қарастырылатын болады, – дейді спикер.
Аталған факт бойынша облыстық полиция департаменті облыстық ветеринарлық инспекциямен бірге тексеріс жұмыстарын бастады. Себептер анықталып жатыр.