Павлодар туған күнін ауқымды тойлады

Павлодар туған күнін ауқымды тойлады

Облыстың бас сахнасында Европадан келген әншілер өнер көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Осы жылы Қала күні тек сырттан шақырылған әртістермен шектелмей, жергілікті өнерпаздар мен жастарға үлкен сахнада өнер көрсету мүмкіндігі берілді. «Ертіс дауысы» жобасы – соның дәлелі. Бұл байқауда іріктеуден өткен дарындар ақтық сынға жетіп, авторлық әндерін жаздыру, кәсіби бейнебаян түсіру және телеарналарда ротацияға шығару мүмкіндігіне ие болады.

– Биыл біз жастарға басымдық бердік. Павлодардың өз таланттарын халыққа таныстыру – басты мақсатымыз болды, деді Естай атындағы мәдениет сарайының басшысы Сапар Шайхин. 

Мерекеде екі шетелдік әртіс өнер көрсетті — Италиядан келген Ingrid пен барша Еуропаға танымал Outlandish тобы. 

In-grid бұл қалаға екінші рет келіп отыр. Саунд-чек кезінде көрермендер арасынан бұрынғы концертінен таныс тыңдармандар келіп, әншінің көңілін толқытып жіберген.

– Павлодар – менің естелігіме айналған қала. Бұл жердің адамдары шынайы, ашық, позитивке толы. Егер бәрі сәтті болса, алдағы уақытта жеке концерт ұйымдастыруды да ойлаймын, – дейді Ingrid.

Қала күнінде тек қана өзге елдің әншілері ғана емес, Қазақстанның әртістері де, Sadraddin мен ACE сынды жас әртістер сахнада өнер көрсетті.  Қала күніне жиналған көрермен саны 20мыңға жуық.

Айта кетерлігі, биыл Павлодар қаласына 305 жыл.

Фото: автор