Павлодар жастары қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуда

Павлодар жастары қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуда
Фото: Рустэм Ануарбеков

«Достық үйінің» мәжіліс залында «БІРЛІК-ЕДИНСТВО.KZ» атты дәстүрлі жастар форумы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

 Бірлік пен келісімді, этносаралық татулық пен қазақстандық патриотизмді дәріптеуге бағытталған іс-шара биыл 11-рет ұйымдастырылып отыр.

Форумның тақырыбы – «Жастар бастамалары: жасампаздық энергиясы».  Ашық диалог форматында өткен шараға өңірдің белсенді жастары, этномәдени бірлестіктердің көшбасшылары, қоғамдық ұйым өкілдері мен студенттер жиналды.

Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Әлнұр Сейдуманов жастар форумының маңызын атап өтті.

– Бұл форум – 11 жыл бойы өзін дәлелдеген маңызды диалог алаңы. Мұнда белсенді, бастамашыл жастар бас қосып, өңірдің болашағына бағытталған тың идеяларын ортаға салады. Ассамблея жастары – еліміздегі ең белсенді жастар ұйымдарының бірі. Биыл олардың бастамасымен 95 іс-шара өткізіліп, төрт мыңнан астам адам қамтылды, – деді ол.

Форум аясында өңірлік ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, облыстық «Жастар ассамблеясының» төрағасы Рамиль Смайылов жастар бірлігінің маңызына тоқталды.

– Ассамблея жастары – бұл бір адамның жетістігі емес, бұл – тұтас бір жұлдыздар шоғырындай үлкен команда. Біз биыл экологиялық акциялардан бастап, мәдени-ағартушылық жобаларға дейін 100-ден астам бастаманы жүзеге асырдық. Алда бізді маңызды белес – жастар қозғалысының 25 жылдығы күтіп тұр, – деді Рамиль Смайылов.

Форумда мемлекеттік тілдің ұлт бірлігін нығайтудағы рөлі де кеңінен сөз болды. «Қазақ тілі – бірлік тілі» тақырыбында сөз сөйлеген облыстық грек этномәдени бірлестігінің жастар көшбасшысы Дмитрий Бабулиди қазақ тілін этносаралық диалог тілі ретінде дамытуға бағытталған жобалар туралы айтты.

Сонымен қатар «Таза Қазақстан» республикалық акциясы, волонтерлік қозғалыс, жастардың әлеуметтік жауапкершілігі мәселелері көтерілді. Корей этномәдени бірлестігінің жастар өкілі Дария Тоқтар волонтерліктің жас патриотты қалыптастырудағы рөліне тоқталды.

Форумның маңызды бөлігі – «Ассамблея жастарының үздік шығармашылық тәжірибелері» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болды. Әртүрлі номинациялар бойынша этномәдени бірлестіктердің белсенді жастары Алғыс хаттармен, дипломдармен марапатталды.

«Үздік команда» номинациясы бойынша жеңіске облыстық Фин-угор этномәдени орталығының жастар қанатын жетті. Орталықтың жастар көшбасшысы Елизавета Урсол атқарылған жұмыстарға тоқталды.

– Бір жылдың ішінде 50-ге жуық іс-шара өткіздік. Оның ішінде этномәдени орталық аясындағы жобалар, Ассамблея жастары бірлескен бастамалар бар. Біздің мақсат – мәдениетімізді, тілімізді насихаттап, жастарды толеранттылық пен бірлікке тәрбиелеу, – деді ол.

Ал «Жыл көшбасшысы» номинациясының иегері, Беларусь этномәдени бірлестігінің жастар көшбасшысы Евгений Тристан командалық жұмыстың маңызын атап өтті.

– Көшбасшылық – бұл жауапкершілік. Жастарды біріктіріп, ортақ мақсатқа бағыттай білу – ең басты міндет. Біздің жұмысымыздың негізі – шығармашылық, қайырымдылық және өзара қолдау, – деді үздік көшбасшы.

Форум қорытындысында қатысушылар жастар бастамаларын қолдаудың, этносаралық келісімді нығайтудың және патриоттық құндылықтарды дәріптеудің маңызын ерекше атап өтті. «БІРЛІК–ЕДИНСТВО.KZ» форумы Павлодар жастарын біріктіретін, жаңа идеялар мен жобаларға жол ашатын маңызды алаң ретінде тағы бір мәрте өз маңызын дәлелдеді.