Павлодарда құпия белгімен есірткі таратқан күдікті жігіт ұсталды
Бұл қылмысқа басқа адамдардың да қатысы бар екені анықталуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткінің ірі партиясын құпия белгі арқылы таратты деп күдікке ілінген өңірдің 22 жастағы тұрғынын анықтады. Тәртіп сақшылары тұрғылықты жері бойынша жалға алған пәтерінен ұнтақты заты бар пакеттер мен оларды орауға арналған заттарды тәркіледі.
– Полицияға облыс орталығының аумағында айналымда тыйым салынған заттарды өткізу жүзеге асырылып жатқаны туралы ақпарат түсті. Жедел іздестіру іс-шаралары барысында күдіктінің жеке басы мен тұрғылықты мекенжайы анықталды. Күдікті қастандық жасау мақсатында бүркеншік есімді пайдаланып, ұсақ түйіршіктерге оралған есірткіні Павлодар аумағындағы жасырын орындарға орналастырған, – деді Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Болат Нұрсейітов.
Арнайы іс-шараларды өткізу кезінде жас жігіттен ақ түсті ұнтақ заты бар 5 полимерлі байламы табылды.
Сараптама қорытындысы бойынша тәркіленген зат синтетикалық текті &-ПВП психостимуляторы болып табылады. Жалпы салмағы 1,4 келіден асады. Бұл – аса ірі мөлшер.
Аталған фактіге қатысты Қазақстан Республикасы ҚК 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды.