Павлодарда құтқарушылар сегізінші қабаттан пәтерге кіріп, екі баланы құтқарды

Павлодарда құтқарушылар сегізінші қабаттан пәтерге кіріп, екі баланы құтқарды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Олар пәтерде қамалып қалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

14 қыркүйекте «112» пультіне Павлодар қаласында баланың абайсызда пәтердің кіреберіс есігін ішінен жауып алғаны туралы хабарлама түскен.

Оқиға орнына жедел жеткен төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары ата-анасының қатысуымен арнайы альпинистік құрал-жабдықтарды пайдаланып, сегізінші қабаттан бесінші қабатқа түскен. Мамандар терезе арқылы пәтерге кіріп, балаларды қауіпсіз жерге шығарды.

Пәтердің ішінде екі бала болған. Оларға медициналық көмек қажет болмады.

Павлодар облысының ТЖД ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмауды және оларға қауіпсіздік ережелерін түсіндіруді ескертеді.

Төтенше жағдай туындаған кезде «112» немесе «101» нөмірлеріне хабарласу қажет.