Павлодарда құтқарушылардың қатары жас мамандармен толықты

Павлодарда құтқарушылардың қатары жас мамандармен толықты
Фото: Павлодар облыстық ТЖД

Даңқ алаңында облыстық ТЖД жас қызметкерлерінің салтанатты ант қабылдау рәсімі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Жеңістің 80 жылдығына орай іс-шара барысында қатысушылар қаза тапқан әріптестерін бір минут үнсіздікпен еске алды. Осы саланы таңдаған 24 қызметкер елге адал қызмет етуге ант берді.  

Облыстық ТЖД бастығы Рүстамбек Амрин департаменттің даңқты дәстүрлерін ұстана отырып, жас қызметкерлердің өз міндеттерін абыроймен орындайтынына сенім білдірді. 

– Көмекке келуге дайын болу – әрбір құтқарушы үшін басты құндылық. Бұл оқиға жас қызметкерлердің өміріндегі маңызды кезең және қоғамға қызмет ету жолындағы саналы таңдау,  – деді департаменті бастығы. 

Ардагер Алдаберген Қарабалин жас құтқарушыларға қиындыққа толы абыройлы қызметте табыс тіледі. Сондай-ақ жас мамандарға төтенше жағдайлар кезінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету сәтінде үлкен жауапкершілік жүктелетінін атап өтті. 

Іс-шара әскери оркестрдің үніне ұласқан салтанатты шерумен аяқталды.