Павлодарда қараусыз қалған қыз терезе алдына шығып кеткен
Он жастағы бала сегізінші қабатта ашық терезе алдында отырған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодардағы телеграм-арналардың бірінде үрей туғызған видео кең тарады. Онда көпқабатты тұрғын үйдің сегізінші қабатындағы ашық терезенің алдына кішкентай бала шығып отырған. Терезе айқара ашық болған, ал жанында ересектер болмаған.
Тәртіп сақшылары дереу әрекетке кірісті. Полицейлер оқиға орнына жедел жетіп, оңтүстік полиция бөлімінің бастығының орынбасары Алтынбек Медьяров мекенжайды анықтап, қажетті пәтерді тапты. Белгілі болғандай, өміріне қауіп төнген сәтте 10 жастағы қыз бала үйде ересектердің қарауынсыз қалған.
– Қыз баламен қауіпсіздік ережелері туралы байыпты әрі түсіндіру сипатындағы әңгіме жүргізілді. Кәмелетке толмаған баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – дейді полиция подполковнигі Алтынбек Медьяров.
Тәртіп сақшылары ата-аналарды балаларды бір сәтке де қараусыз қалдырмауға шақырады. Москит торлары баланың салмағын көтере алмайды, ал бір сәттік немқұрайлылық орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Терезелерге арнайы құлып-блокаторлар орнатып, балаларыңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етіңіздер.