Павлодарда үшінші тамыздан бастап ыстық су кезең-кезеңімен ажыратылады

Павлодарда үшінші тамыздан бастап ыстық су кезең-кезеңімен ажыратылады
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Құбырлар міндетті түрде гидравликалық сынақтан өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

3-12 тамыз аралығында «Павлодар жылу желілері» ЖШС жөндеуден өткен жылу құбырларына гидравликалық сынақ жүргізеді. Бұл жұмыстар желілердің беріктігін тексеруге, қаланы алдағы жылыту маусымына сапалы дайындауға және қыс мезгіліндегі апаттардың алдын алуға бағытталған.

Осыған байланысты ыстық су уақытша өшіріледі. Қаланың солтүстік бөлігінде су 3-6 тамыз аралығында, ал оңтүстік бөлігінде 7-12 тамыз аралығында болмайды.

Сынақ нәтижесінде ақау анықталмаған тұрғын үйлерге ыстық су 3-5 күн ішінде кезең-кезеңімен беріледі. Ал құбырлардан жарықтар немесе басқа да ақаулар табылған учаскелерде қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, қызмет бір ай ішінде қайта қосылады.

– Гидравликалық сынақтар желілердің сенімділігін бағалауға және қысқы маусымда болуы мүмкін апаттардың алдын алуға мүмкіндік береді. Сондықтан тұрғындардан түсіністік танытып, қауіпсіздік талаптарын сақтауды сұраймыз, – деді «Павлодар жылу желілері» ЖШС өкілдері.

Кәсіпорын сынақ кезеңінде жылу трассаларының маңында және жер бетіне су шығуы ықтимал орындарда сақ болуға шақырады.

Анықталған ақаулар, ескертулер немесе өзге де бұзушылықтар туралы «Павлодар жылу желілері» ЖШС-нің диспетчерлік қызметіне 57-07-51 телефоны арқылы хабарлауға болады.