Павлодарда үш баланың анасы алимент төлемегені үшін жауапқа тартылды

Павлодарда үш баланың анасы алимент төлемегені үшін жауапқа тартылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Оның балалары алдындағы берешегі жеті миллионға жуықтаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, көші-қон қызметінің мамандары алимент төлеуден жалтарып жүрген немесе балаларына тиесілі табыс көздерін жасыратын адамдарды анықтау бойынша тұрақты түрде жұмыс жүргізеді.

Осындай шаралардың нәтижесінде Павлодарда бірнеше жылдан бері балаларына материалдық көмек көрсетпеген әйелдің жүрген жері анықталды. Оның алимент бойынша қарызы 6 миллион 936 мың теңгені құраған. Бұл қаражат үш кәмелетке толмаған баланың күтімі мен қажеттіліктеріне жұмсалуы тиіс еді.

Сот шешімімен белгіленген алиментті төлемегені үшін әйелге қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, іс сотқа жолданды. Сот оған 20 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасын тағайындап, алимент төлеу жөніндегі міндеттемесін орындауға үш ай мерзім берді. Егер осы уақыт ішінде ол төлем жасаудан қайта жалтарса, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Полиция өкілдері қаржылық қиындықтарға тап болған азаматтарды заңнан жасырынбауға шақырады. Мұндай жағдайда алимент төлеу тәртібін заң аясында реттеу немесе төлем мөлшерін өзгерту үшін сотқа не сот орындаушыларына уақытылы жүгіну қажет.

Айта кетелік, ата-аналық міндеттерді орындамау заң бойынша әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.