Павлодарда Ұлыстың ұлы күні мерекесі кең көлемде атап өтілді
Облыста ұлттық дәстүр мен заманауи технология үндескен ерекше форматта мереке тойланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Орталық алаң мен түрлі мәдени нысандарда ұйымдастырылған шараларда ұлттық ойындар, концерттік бағдарламалар мен көрмелер ұсынылды. Қала тұрғындары мен қонақтары көктемнің шуақты мерекесін бірге қарсы алып, бір-біріне ақ тілектерін арнады.

Мерекелік алаңда тігілген киіз үйлердің бірі ерекше форматымен көзге түсті. «Жеті қазына» тұжырымдамасына негізделген бұл кеңістікте заманауи технологиялар мен ұлттық құндылықтар үйлестірілген.
– Біздің киіз үйіміз жеті қазына концепциясы бойынша жасалды. Мұнда құмай тазының робот үлгісі, қымыз құятын автомат және жасанды интеллект мүмкіндіктерін көрсететін экрандар бар. Бұл – дәстүр мен жаңашылдықтың тоғысуы, – деді Салтанат Әубәкірова.
Мерекеге жиналған тұрғындар үшін Наурыз – тек мәдени шара ғана емес, рухани жаңғыру мен бірліктің символы.
– Наурыз – барша түркі халықтарына ортақ, жүрекке жақын мейрам. Бұл күні адамдар бір-біріне жылы лебізін білдіріп, жақсылық тілейді. Баршаға құт-береке, молшылық тілеймін, – деді қала тұрғыны Бәкір Демеуов.
Айта кетейік, Наурыз мерекесі өңірде бірнеше күнге жалғасып, түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралармен өрбіп жатыр.
Аяужан Жетес