Павлодарда ұлттық салт-дәстүрлер фестивалі өтті
Іс-шара барысында қамшы өру, амандасу, ұршық үйіру сынды дәстүрлер дәріптелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Достық үйінде» «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» ұлттық жобасы аясында облыстық Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Отбасы – тәрбие іргетасы» қазақ ұлттық салт-дәстүрлері фестивалі өтті.
– Іс-шара ұлттық құндылықтарды сақтап, салт-дәстүрлерді насихаттауға бағытталған. Фестиваль барысында қаланың сегіз білім мекемесімен меморандумға қол қоямыз. Бүгін үш білім мекемесі қазақтың ұмытылып бара жатқан дәстүрлерін жаңғырту мақсатында түрлі салт-дәстүрді дәріптемек. Мәселен, Ыбырай Алтынсарин гимназиясы қамшы өру өнері жайлы айтса, сервис және тамақтану колледжі амандасу дәстүрін, Ал №41 мектеп ұршық үйіру техникасы жайлы көрсетті, – дейді «Нұр-ана» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Максилова.
Бірлестікпен меморандум жасасқан білім мекемелірінің бірі – Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернаты. Директордың айтуынша, мектеп ішінде «Кәусәр бұлақ» ата-әжелер кеңесі ашылған.
– Ең бастысы – бала тәрбиесі және саналы отбасы құндылықтары. Қазіргі таңда балалардың толыққанды ұлттық құнылықтарды бойына сіңіріп өсуі үшін ата-анасы саналы болуы керек. Осыған орай мектебімізде ата-әжелер кеңесі құрылған болатын. Бүгінгі таңда аталмыш кеңестің құрылғанына бір жылдан астам уақыт болып қалды, – дейді гимназия-мектебінің директоры Шоқан Қалдыбаев.
Айта кету керек, фестиваль барысында білім ордаларының қызметкерлері жиналған қауыға салт-дәстүр жайлы айтып қана қоймай, іс жүзінде де көрсетті.