Павлодарда 30 миллионнан астам қарызы бар жүргізуші анықталды
Оның автокөлігі айып тұрағына қойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде полиция қызметкерлері прокуратура және сот орындаушыларымен бірлесіп «Борышкер» профилактикалық іс-шарасын жүргізуде. Берешегі бар тұлғаларды анықтауға бағытталған ауқымды рейдтік жұмыстың мақсаты — әкімшілік қаулылардың орындалуын қамтамасыз ету және берешектерді өндіру.
— Көлік ағынында Cadillac Escalade маркалы көлік анықталып, тоқтатылды. Тексеру барысында аталған автокөлік иесінің 34 миллион теңгеден астам өтелмеген қарызы бар екені белгілі болды. Жеке сот орындаушысының қаулысы негізінде автокөлік арнайы тұраққа қойылды, — деді Павлодар қаласы ПБ патрульдік полиция батальоны қызметінің инспекторы Жандос Мейрамғазы.
Полиция азаматтарға әкімшілік айыппұлдар мен өзге де берешектерді уақытылы төлеу қажеттігін ескертеді. Бұл мүлікті мәжбүрлеп тәркілеу мен көлікті арнайы тұраққа қоюдың алдын алуға мүмкіндік береді.