Павлодарда 45 жыл судан адам құтқарған сүңгуірші дүниеден өтті

Павлодарда 45 жыл судан адам құтқарған сүңгуірші дүниеден өтті

ТЖ министрлігінің құрметті ардагері, бірінші дәрежелі сүңгуірші  Анатолий Балашов 75 жасқа қараған шағында дүниеден өтті, деп хабарлайды  @Рavlodarnews.kz.

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, құтқару қызметінің ардагері Анатолий Поликарпович Павлодар қаласындағы ең көне кәсіпорындардың бірі – Октябрь зауытында жұмыс істеген. 

1975 жылдың қарашасында жақсы өндіріс қызметкері, белсенді спортшы  суда құтқару қоғамына жұмысқа ұсынылып, бірден сүңгуірдің шәкірті болып қабылданған. Қара теңіз флоты арнайы сүңгуірлер отрядының бұрынғы бас бригадирі Вячеслав Шарапов жаңадан келген жігітке су асты кәсібінің қыр-сырын үйреткен. 

– Анатолий Поликарпович өзі таңдаған мамандығына адал болып, 45 жыл өмірін адам өмірін сақтап қалуға арнады. Жедел құтқару жасағының жас қызметкерлерінің бірнеше жас буынын тәрбиеледі. Сегіз мың сағаттан астам су астында  өткізген, – деп еске алады әріптестері.   

2011 жылы Анатолий Балашов  лайықты демалысқа шықты, бірақ ұжымында жұмысын жалғастырды. Көп жылғы еңбегі үшін көптеген марапаттарға, соның ішінде «Суға батып бара жатқандарды құтқарғаны үшін» екі медаліне ие. 

Төтенше жағдайлар жөніндегі уәкілетті органның басшылығы, ардагерлер, бұрынғы әріптестері, достары, төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің жеке аумақтық құрамы марқұмның туған-туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады.