Павлодарда асыраушы әкесі қайтыс болған балаларға қолдау көрсету жалғасуда

Павлодарда асыраушы әкесі қайтыс болған балаларға қолдау көрсету жалғасуда
Фото:pixabay.com\pasja1000

Өңірімізде 600-ден астам балаға көмек көрсетіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Біріккен Араб Әмірліктері Қызыл Жарты Ай қоғамымен бірлескен «Ұзақ мерзімді жетім балалар» атты жоба елімізде 2002 жылы басталған. Ал, өңірімізде 2007 жылдан бері жұмыс істейді.

Жобаның мақсаты – асыраушы әкесі қайтыс болған немесе қайтыс болған кішкентай балалары бар отбасыларға қолдау көрсету.

–  Бүгінгі таңда облысымызда 600-ден астам бала көмек алады. Әр бала жылына 588$ немесе айына 49$ жәрдемақы алады, – дейді Қызыл Жарты Ай қоғамының облыстық филиалының директоры Гүлнар Исақанова.

Жәрдемақы балаға жобаға қабылданған сәттен бастап кәмелет жасқа толғанға дейін төленеді. Ал, кәмелет жасқа толғанған соң оқуға түскен жағдайда, оқуын аяқтағанша беріледі.

Жобаға қатысушылардың әкесі қайтыс болған кезде ерлі-зайыптылар заңды некеде болуы немесе әкесі екенін анықтайтын куәлігі болу керек. Өтініш беру кезінде 10 жасқа дейінгі балалардың құжаттары қарастырылады.

–  Көп балалы отбасылар болса, кіші екі баласының құжатын тапсыруына рұқсат етілген. Ал, басқа отбасылар кенже баласының құжатын тапсырады, – дейді ол.

Одан кейін құжаттарды комиссия қарайды және мақұлданғаннан кейін ғана жәрдемақыны қарау үшін БАӘ-дегі орталық кеңсеге жіберіледі.

Жобаға қатысушыларға жәрдемақыдан да бөлек көмек көрсетіледі. Мысалы, мектепке киетін және қысқы мезгілде киетін киімдер алып беріледі.

Айта кетейік, аталмыш жоба еріктілердің қолдауымен асырылып жатқандықтан, құжатты тапсырып болған соң бір-екі жыл көлемінде жауабы келеді. Жобаға алынған кезден бастап жәрдемақы беріледі. Қазірге кезде жәрдемақы ай сайын емес, бір жылда екі рет төленеді.

Отбасы қиын өмірлік жағдайда болса, бағдарламада мұндай отбасының барлық балаларының құжаттарын қарауға қабылдау қарастырылған.

Жобаға өтініш бері үшін, 8(747) 664 60-33, Гүлнар Исаканова. 8 (705) 214 95-67 Гүлмира Кинжалинова (Whatsapp) хабарласуға болады.