Павлодарда атеросклерозға жасалатын операциялардың деңгейі артты

Операция жүрек пен қан тамырларына бір мезгілде жасалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жыл сайын Павлодар облыстық кардиологиялық орталығында мультифокалды атеросклероз диагнозы қойылған 12 науқасқа операция жасалады. Бұл диагноз кезінде қан айналым жүйесінің түрлі бөліктерінде зақымданулар болады, ал кәдімгі атеросклерозда – тек бір жерде.
Мұндай жағдай аса қауіпті, себебі инфаркт, инсульт, ишемия сияқты жүрек-қан тамырлары асқынуларының даму қаупі жоғары. Сондықтан, операцияға кардиохирургтер мен қан тамырлары хирургтері бірлесіп қатысады.
– Бұл жағдай кешенді тәсілді талап етеді, себебі ұйқы артериясының стенозы жүрекке жасалатын операция кезінде ишемиялық инсульттің даму қаупін едәуір арттырады. Қауіп-қатерді азайту және пациенттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін операцияны кезең-кезеңімен жүргіземіз. Алдымен ұйқы артериясындағы патологияны қан тамырлары хирургтері жояды, содан кейін жүрекке операцияны кардиохирургтер орындайды. Мұндай алгоритм асқынулардың ықтималдығын едәуір төмендетіп, емнің оң нәтижесіне қол жеткізуге мүмкіндік береді, – дейді кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі Мұрат Райханов.
Бұл операция симультантты деп аталады, яғни бір наркозбен жүрекке де, миға қан жеткізетін тамырларға да бір уақытта араласу жасалады. Мұндай операциялар жоғары технологиялы медициналық көмекке жатады.
Дәрігерлердің айтуынша, бұл тәсіл инсульт пен инфаркт қаупін едәуір төмендетуге мүмкіндік береді. Бұрын мұндай операциялар жасалғанымен, оларды орындау қиын болатын. Себебі, қан тамырлары хирургиясы кардиологиялық орталықтан тыс орналасқан еді, ал бұл мекемелер арасында күрделі үйлестіруді қажет ететін. Қан тамырлары бөлімшесі құрылғаннан кейін мұндай операциялар жоспарлы түрде өткізіліп жатыр.
Мультифокалды атеросклероз диагнозы қойылған 62 жастағы павлодарлыққа операция жасалды. Науқаста атеросклерозы ұйқы артериясы мен жүректің коронарлық тамырларының зақымдануы болған. Ер адам ауруханаға миокард инфарктімен түскен. Алғашқы кезеңде оған артериялардың біріне стент қою операциясы жасалды. Қан тамырлары хирургиясы бөлімінің меңгерушісі Сәбит Жүсіпов мұндай операциялардың әрдайым қауіппен байланысты екенін айтты.
– Операция кезінде күтпеген қиындықтар туындауы мүмкін. Мәселен, осы операцияда инфаркт пен инсульттің қаупі жоғары болды. Алдымен ағзаға наркоз беріледі, содан кейін ұйқы артериясына операция жасалады. Сонымен қатар, аортокоронарлық шунттау жүргізіледі, – деп түсіндірді хирург.
Дәрігердің айтуынша, бірлескен операциялардың саны артып келеді, себебі пациенттерде жүрек патологиясымен қатар жүретін аурулар бар.
– Бізде көбінесе аяқтың төменгі бөлігіндегі артериялар зақымданған, көптеген пациенттерде қант диабеті мен ұйқы артериясының стенозы кездеседі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша пациенттердің жартысына жуығында жүрек ауруларымен қатар өзге диагноздары болған, – деп толықтырды Сәбит Жүсіпов.
Қан тамырлары хирургтері жыл сайын шамамен мыңға жуық операция жасайды.
Мультифокалды атеросклероз диагнозы қойылған пациент операциядан кейін он күн ішінде қалпына келеді. Сондай-ақ, ерте оңалту қарастырылған, ал алты ай бойы жағдайы бақылауда болады.
Медициналық қызметтер нарығында мұндай операцияның орташа бағасы үш миллион теңгені құрайды. Павлодарлық сақтандырылған тұрғындар үшін ол МӘМС аясында тегін жүргізіледі.
Дәрігерлер бұл аурудың «жасарып» келе жатқанын атап өтеді. Ем қабылдаған пациенттердің арасында жасы 40-тан асқан адамдар да бар. Мамандар негізгі қауіп факторы ретінде тұқым қуалаушылықты атайды. Алайда, алкоголь, темекі және салауатты өмір салтын елемеу сияқты сыртқы әсерлер де үлкен рөл атқарады. Қауіп-қатерді азайту үшін дәрігерлер спортпен айналысып, скринингтік тексерулерден өтіп тұруға кеңес береді.