Павлодарда автобус пен жеңіл көлік соқтығысты
Жеті адам зардап шекті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 19 қыркүйек күні сағат 16:38-де Торайғыров – Ак. Сәтбаев көшелерінің қиылысында маршруттық автобус пен Lada Granta жеңіл автокөлігі соқтығысты.
– Жол-көлік оқиғасы салдарынан барлығы жеті адам зардап шеккен, оның ішінде төртеуі – балалар. Оқиға орнына үш жедел жәрдем бригадасы жұмылдырылды, – деді облыстық жедел жәрдем станциясының баспасөз қызметінде.
Денсаулық сақтау басқармасының ақпаратына сәйкес, жарақат алғандардың арасында 1953 жылы туған ер адам мен 1989 жылғы әйел бар. Екеуінің де жағдайы орташа ауыр, екеуі де төс сүйегінің сынуымен ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер олардың әке мен қыз екенін нақтылады.
Сағат 17:10-да төрт бала облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлердің айтуынша, олардың екеуінде бас миы шайқалмаған, ал қалған екеуі бастың жұмсақ тіндерінің және тізе буынының жарақатын алған. Барлық балаға медициналық көмек көрсетіліп, тұрғылықты жері бойынша амбулаторлық бақылауға жіберілді.