Павлодарда азаматтық қорғау жүйесі жас мамандармен толықты
Олар бүгін ант қабылдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыста 13-19 қазан "Құтқарушылар күні" қарсаңында "Жеңіс" орталық алаңында азаматтық қорғау органдарының жас қызметкерлері ант қабылдады. Салтанатты шараға Павлодар облысы ТЖ департаменті бастығының орынбасары, кадр және тәрбие жұмысы басқармасының бастығы азаматтық қорғау полковнигі Ринат Валишанов, сондай-ақ ТЖД бөлімшелерінің басшылары мен азаматтық қорғау органдарының ардагерлері қатысты.
Ринат Валишанов жас қызметкерлерді маңызды күнмен құттықтап, ант беру бұл – өз халқына және еліне адал болуды көздейтінін атап өтті.
Салтанатты шара мемлекеттік туды көтеріп, әнұранды орындаумен басталды. Қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан азаматтық қорғау қызметкерлеріне құрмет көрсетіліп, бір минут үнсіздікпен еске ала отырып, мәңгілік отқа гүл шоқтары қойылды.
Антты азаматтық қорғау жүйесіне еңбек етуге келген 14 жас қызметкер қабылдады.
Шара соңында азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің қысқы киімге ауысуы бойынша саптық байқау өткізілді.