Павлодарда білім саласында қай пәннің ұстаздары ең көп сұранысқа ие

Биылғы түлектерге арналған бос орындар жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Марғұлан университетінің бас ғимаратында өткен жәрмеңкеге облыстың 70-ке жуық білім беру ұйымы қатысты. Атап айтсақ, Ақтоғай, Железин, Успен, Павлодар, Аққулы, Тереңкөл және басқа да бірқатар аудандардың мектептері мен балабақша өкілдері келді.
Сонымен қатар, Ақсу және Павлодар қалалық мансап орталықтары, М.Қанапиянов атындағы жоғары колледж мамандары келіп, түлектерге өздеріндегі бос орындар туралы ақпарат берді.
Іс-шараны Марғұлан университетінің мансап орталығы ұйымдастырды. Шара барысында қазіргі күні білім саласындағы ең көп сұраныста орыс тілі мен әдебиеті, математика, физика, биология және музыка пән мұғалімдері мен дефектологтар екені белгілі болды.
– Жыл сайын өтетін дәстүрлі бос орындар жәрмеңкесіне 500-ден астам түлектер мен магистранттар қатысады. Түлектер арасында өздері оқыған жоғары оқу орнында жұмыс істеуге қалғысы келетіндер де бар. Біз олардың өтініштерін міндетті түрде қарастырамыз. Олар маман, зертханашы, әдіскер болып жұмыс істей алады, – деді университет мансап орталығының жетекшісі Майра Байтанаева.
Ақтоғай ауданы Қараоба орта мектебінің директоры Назгүл Ысқақованың сөзінше, қазіргі күні мектепке орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, география пәнінің мұғалімі және дене шынықтыру пәні бойынша нұсқаушы маманы керек.
– Егер ауылдық жерде жұмыс істеуге ниетті жас мамандар болса жұмысқа қабылдауға дайынбыз. Ауылдық жерде жастарға мүмкіндік көп. Ең алдымен «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша бір реттік көтермеақы және үй алуға пайызсыз несие беріледі. Бүгінгі шара барысында ауыл мектептеріндегі бос орындар бойынша толық ақпарат берілді, – деді Назгүл Ысқақова.
Ал Назарбаев зияткерлік мектебі информатика, орыс тілі мен әдебиеті, математика пәндерінің мұғалімдерін жұмысқа шақырады. Аталған білім мекемесіне қабылдау бойынша конкурс 12- маусымда өтеді.
Айта кетейік, биыл университет 700-ге жуық күндізгі бөлімнің студенттерін оқуын аяқтайды, жәрмеңке олардың қызметтік жолын бастауына тамаша мүмкіндік болды.