Павлодарда бір тәулікте жауын-шашын мөлшері үш есе көп түсті

Павлодарда бір тәулікте жауын-шашын мөлшері үш есе көп түсті
Фото:pixabay.com

Қардың биіктігі 34 сантиметрге дейін жетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

«Қазгидромет» РМК-ның мәліметінше, 9 ақпанда түнде облыс орталығында жауын-шашын мөлшері 6,3 мм құрады, ал 8 ақпанда жауын-шашын мөлшері 2,2 мм түскен. Қардың биіктігі өткен тәулікте 27 сантиметр болса, 9 ақпанда 34 сантиметрге дейін жетті. Ақтоғайда қардың қалыңдығы 13 сантиметрге артып, 37 сантиметрге дейін жеткен. Қалған ауылдарда қардың биіктігі шамамен 5-6 сантиметрге дейін түскен. 

Шарбақты мен Успен ауылдарында да жауын-шашын мөлшері үш есе көп жауған. Шарбақтыда 2,7 мм-ден 6,1 мм-ге дейін, ал Успен ауылында 3,4 мм-ден, 9,2 мм-ге дейін. 

Аудандар арасында жауын-шашын мөлшері Павлодар ауданының Кемеңгер ауылында көп түскен. 8 ақпанда 1,1 мм, ал 9 ақпанда 13,1 мм жауын-шашын түсті. 

Ертіс ауылы мен Ақсуда 8 ақпанда 1,1 мм түссе, 9 ақпанда мөлшері 7 есе өсті – 7,6 мм. Ертіс ауданының Голубовка ауылында жауын-шашын мөлшері 5 есе көп түсті. 8 ақпанда 0,4 мм болса, 9 ақпанда 5,8 мм құрады. 

Еске сала кетейік, өткен түнде ауа райының қолайсыздығынан боран мен қатты желдің салдарынан ауа райының нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар автожолдың екі учаскесінде қозғалыс жабылған болатын.