Павлодарда баланы автокреслосыз тасымалдаған жүргізуші жазаланды
Ер адамға айыппұл салынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қала тұрғыны 27 наурызда сағат 13.30-да Ломов көшесінде БМВ маркалы көлік құралын басқара отырып, бес жасар баланы арнайы балаларды ұстағыш құрылғысыз алдыңғы жолаушылар орындығында тасымалдаған.
– Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабы бойынша 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салумен әкімшілік хаттама толтырылды. Тәртіп сақшылары «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі» акциясы аясында бұл бұзушылықты жойды, – деді Павлодар облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы Қуаныш Мұстафинов.
Полицейлер тек бір тәулік ішінде 146 жол ережесін бұзушылықты анықтады. Оның ішінде 32-сі жол қиылыстарынан өту, 35-і жаяу жүргіншілер жолынан өту, 23-і балаларды тасымалдау және 7 қоғамдық көлік жүргізушісі тоқтату ережелерін бұзған. Олардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полицейлер балаларды тасымалдау кезінде балаларды ұстау құрылғыларын қолдану қажеттілігіне ерекше назар аударады.
Естеріңізге сала кетейік, «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі» акциясы биылғы жылдың 10 сәуіріне дейін жалғасады.