Павлодарда бейнекамералар пәтер ұрлығын азайтуға көмектесуде
Қылмыскерлер бақылауы бар үйлерден қашады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыста пәтер ұрлығының алдын алуда бейнебақылау жүйелерінің рөлі зор. Камералар тек қылмыс болғаннан кейін дәлел жинауға емес, құқық бұзушылықтың алдын алуға да пайдасын тигізуде.
Облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Владислав Ермолаевтың айтуынша, қылмыскерлер үй немесе аула аумағында бейнекамералардың орнатылғанын байқаса, көп жағдайда басқа нысанды іздеуге тырысады. Себебі, олардың әккі әрекеті жазылып қалуы мүмкін.
– Бейнежазбалар тергеу барысында да маңызды рөл атқарады. Камералар арқылы қылмыстың нақты жасалған уақыты, күдіктінің жүрген бағыты және оқиға орнына қалай келіп, қалай кеткені анықталады. Бұл қылмыстың бетін ашуды жылдамдатып, күдіктілерді анықтауға мүмкіндік береді, – дейді полиция қызметкері.
Полицейлер тұрғындардың өзара байланысына да ерекше мән береді. Көпқабатты үйлердегі көршілердің қырағылығы күдікті әрекеттерді дер кезінде байқауға көмектеседі. Сондықтан, тұрғындарға бейтаныс адамдардың күмәнді қимылдарын байқаса, көршілеріне хабарлап, үй чаттарында ақпарат бөлісу ұсынылады.
Сонымен қатар, полицейлер қауіпсіздікті күшейту үшін бірінші және екінші қабаттағы пәтерлерге қорғаныс торларын орнатуға, сапалы құлыптарды пайдалануға және мүмкіндігінше күзет дабылдарын қоюға кеңес береді. Қарапайым сақтық шаралары мен тұрғындардың белсенді ұстанымы көптеген пәтер ұрлығының алдын алуға мүмкіндік береді.
Еске сала кетейік, жыл басынан бері облыста пәтер ұрлығы азайды. Десе де, құқық қорғау органдары тұрғындарды сақ болуға шақырып отыр. Тәртіп сақшылары жазғы демалыс кезінде бос қалған баспаналар қылмыскерлердің нысанасына жиі айналатынын ескертеді.