Павлодарда джаз кеші өтеді
Кеште ерекше әннің тұсауы кесіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
14 ақпанда кешкі сағат 19:00-де И.Байзақов атындағы облыстық филармониясында дирижер, маэстро Виктор Шейкиннің жетекшілігімен джаз оркестрінің сүйемелдеуімен «Indigo jazz music» концерті ұйымдастырылады. Музыкалық кеш американдық композитор Луи Прима жазған «Sing, Sing, Sing» композициясынан басталады. Бұл ән шырқалған кезде «Нұр» хореографиялық ұжымы би билейді. Тағы негізгі композицияның бірі – «Manteca». Авторы – афро-кубалық джаздың қалаушысы және ХХ ғасырдың ең жақсы кернейшілерінің бірі Диззи Гиллеспи.
Кеште жас, талантты әрі жетекші солистер – Алмас Мұқатай, Жібек Айтбаева, Әлижан Қазбеков, Айбар Ашкеев және Шолпан Ақылбек өнер көрсетеді.
Отандық композитор Арман Дүйсеновтің Нұртұған жыраудың «Өсиет» сөзіне арналған шығармасына жаңа әнінің тұсауы кесілмек. Әнді филармония әртісі Жібек Айтбаева орындайды.
Билеттер филармония кассасында және Ticketon.kz сайтында сатылуда. Байланыс телефондары: 8 (7182) 22-80-87, +7-775-593-08-97