Павлодарда эковолонтерлер жаңа экологиялық жобаларды талқылады
Облыс орталығында эковолонтерлер биылғы жылдың алғашқы отырысын өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Жасыл Ел» Павлодар облыстық штабының жетекшісі Русана Сулаймонованың айтуынша, дөңгелек үстелге қатысушылар өткен жылы жүзеге асырылған жобалардың қорытындысын шығарып қана қоймай, жаңа экологиялық бастамаларды да таныстырды.
Іс-шараға Павлодар қаласындағы экологиялық бағыттағы №36 мектептің, электроника және коммуникациялар жоғары колледжінің, сондай-ақ монтаж колледжінің өкілдері қатысты.
– Кездесу аясында №36 мектеппен алдағы ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қою жоспарланып отыр. Сонымен қатар оқу орындарында жергілікті штабтар ашылып, олардың жетекшілері тағайындалып, экологиялық жобаларды іске асыру бойынша нақты жоспарлар әзірленеді. Өткен жылдан бастап барлық мектептер мен оқу орындарында «Jas School» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба эколог-спикерлермен кездесулер өткізуді, түрлі шеберлік сабақтарын, кіші сынып оқушыларына арналған танымдық тәжірибелер мен эксперименттер ұйымдастыруды көздейді. Мысалы, банан ДНҚ-сын көрсету, қарапайым, бірақ қызықты химиялық реакциялар жүргізу. Сонымен қатар экологиялық тәрбиеге бағытталған командалық ойындар да қарастырылған, - деді Русана Сулаймонова.
Кездесу барысында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, жастармен жұмыс істеуге және көктемде аумақтарды тазалау акцияларына дайындыққа ерекше назар аударылды.
– Қаланың коммуналдық қызметтері өз міндеттерін сапалы атқарып отыр. Алайда кейбір адамдарда экологиялық мәдениетінің әлі де қалыптаспағанын көреміз, – дейді ол. – Біздің акциялар коммуналдық қызметтердің жұмысын алмастыру емес, керісінше қала мен өңірдің таза, көрікті әрі ұқыпты болуына бейжай қарамайтын азаматтық ұстанымды қалыптастыру. Өңірдің тазалығы мен келбеті әрдайым жоғары деңгейде сақталуы қажет.
Қабылданған шешімдер мен жоспарланған бастамалар Павлодар облысының тазалығын сақтауға және оның қолайлы келбетін қалыптастыруға бағытталған білім беру ұйымдары мен волонтерлердің күшін біріктіруге арналды.