Павлодарда ерекше көрме көрерменге жол тартады
Онда павлодарлық суретшілердің тың туындылары қойылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы Павлодар облыстық көркемсурет музейінде «Көктем сыйы» деп аталатын көрме көрерменге жол тартпақ. Онда қылқалам шеберлері Лариса Кузнецова, Анна Аткина және Шамиль Шушаевтың картиналары қойылады.
- Музейдегі «Alliance» атты павлодарлық суретшілерден құралған шығармашылық бірлестік ұсынатын «Көктем сыйы» көрмесі шығармашылық көркем пайымға негізделген көктем жаңаруының нышаны.Экспозицияға кескіндемелік туындылармен қатар, инсталляциялар мен сәндік композициялар енген. Сонымен қатар Ертіс өңірінің пейзажы, бөлме гүлдері бейнеленген натюрморттар, жыл мезгілдеріне тән өсімдіктер – көркем бейнелердің негізіне айналды, - делінген хабарламада.
Көрменің ерекшелігі – авторлардың кәсіби суретші әрі балалар көркемсурет мектебінің ұстаздары болуында. Олар дәстүрлі кескіндеме өнерімен шектелмей, шығармашылық ізденіске толы тың шешімдерге ұмтылады.
- Балалар үшін аталмыш тәжірибе аса құнды. Себебі үнемі ізденістегі әрі тың ойлы педагог-суретшіні көре отырып, идеяның қалай туындайтынын, материалдардың философиялық тұрғыда жарыққа шығуын бақылай алады. Сонымен қатар бейнелеу өнерінің негіздерімен танысып, уақыт және табиғат, шығармашылық дара жол сынды тақырыптар аясында мәдени ойлау қабілетін қалыптастырады, - дейді ұйымдастырушылар.
Лариса Кузнецова – суретші-педагог, кескіндемеші, дизайнер-декоратор. Новалтайск көркемсурет училещесін суретші-педагог мамандығы бойынша тәмамдаған. Инновациялық Еуразия Университетінің түлегі. Балалар көркемсурет мектебінде 30 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан акварель шебері. Ол гүлдер мен пейзаждарды айрықша шеберлікпен бейнелеп, жарық пен түстің құбылысын, табиғаттың тынысын, дәл жеткізе алады.
Анна Аткина – суретші-педагог, кескіндемеші, дизайнер, декоратор. Павлодар қаласының көркемсурет колледжін және Инновациялық Еуразия университетін тәмамдаған. Сан алуан шығармашылық деңгейдегі көрмелер мен пленэрлер, педагогикалық семинарлардың қатысушысы.
Оның шығармашылығы көркем әрі жеңіл сезім лебі іспетті. Әр натюрморты мағыналық тұрғыдан терең әрі үйлесімділікке толы. Суретші нәзік пішінді эмоциялық қанықтықпен шебер ұштастырып, әр образды тұтас көркемдікк пайымға айналдырады.
Анна Аткинаның композиция құру тәсілі ерекше. Ол заттарды нақты тірек-нүктесіз кеңістікке орналастырып, бояудың сәндік үйлесімін алдыңғы орынға шығарады.
Шамиль Шушаев – заманауи сәндік-кескіндеме өнерінің суретшісі, суретші-педагог, сәулетші-дизайнер, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының педагог-суретшілер халықаралық одағының мүшесі. Павлодар қаласының көркемсурет колледжін және Инновациялық Еуразия университетін тәмамдаған, сонымен қатар Омбы педагогикалық университетінің магистрі.
Суретші фактура мен түсті батыл меңгеріп, әр еңбегінде ерекше көңіл күй мен пішіндік шешім қалыптастырады. Оның композицияларынан түс қуаты мен сызықтар үйлесімі байқалады. Суретшінің түстер реңкіне деген адал ықыласы туындыларындағы бояу қуатынан айқын көрініс табады. Пішіндерді ықшамдауы мен ізденістері көрерменге табиғат сұлулығын жаңа қырынан тануға мүмкіндік береді.
Аталмыш көрменің ашылуы бүгін яғни 27 ақпан сағат 16:00-де Н.Нұрмұхаммедов атындағы Павлодар облыстық көркемсурет музейінде өтеді.