Павлодарда есірткі шеккен жүргізуші ұсталды
Тексеру кезінде жүргізушінің көлікті жүргізуге құқығы жоқ екені анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және жол жүру ережелерін бұзу фактілерінің жолын кесуге бағытталған рейдтік іс-шараларды тұрақты негізде жүргізеді. Толстой - И. Байзақов көшелерінің қиылысында полиция қызметкерлері «Ауди» маркалы автокөлікті тоқтатты.
– Көлік жүргізуші түсініксіз сөйлеп, баяу қозғалған және көз қарашығы үлкейіп кеткен. Медициналық куәландыру нәтижелері оның есірткіге мас күйінде болғанын көрсетті, – дейді департаментте.
Сондай-ақ сот шешімімен 2023 жылдың қаңтарында жеті жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айырылған. Автокөлік айып тұрағына қойылды. Материал сотқа жіберілді.
Айта кету керек, ағымдағы жылдың басынан бастап тәртіп сақшылары жүргізушілер көлік құралын жүргізу құқығынан айырылған, мас күйінде көлік жүргізген 96 фактінің жолын кесті. Әрқайсысына қатысты тергеу жүргізілді және қолданыстағы заңнама шеңберінде тиісті шаралар қолданылды.