Павлодарда гидротехник мамандары дайындалуы мүмкін
Ол үшін сұраныс болуы керек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина облыс әкімі Асайын Байхановтың халықпен есептік кездесуінде білім саласына қатысты сұрақ қойған азаматтармен кездесті.
– Қабылдау барысында өңір тұрғыны, зейнеткер, «Қазақ тілі» қоғамының мүшесі Марат Смағұл өз ұсыныстарын ортаға салды. Ол жас ұрпақты ана тіліне баулу мен қазақ тілінің мәртебесін көтеру мәселелеріне ерекше назар аударды. Өз кезегінде мектептерде ардагер ұстаздармен, тіл жанашырларымен бірлесіп, ұстаздар және оқушылар қауымымен кездесуді ұсынды, – дейді басқармада.
Самал Айтқазина қазіргі таңда атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы кезеңдерде жүзеге асырылатын іс-шаралар туралы айтып, қысқа мерзімдегі және болашақтағы іске асырылатын жоспарлармен бөлісті.
Сонымен қатар, Марат Смағұл өңірде гидротехник мамандығын ашу қажеттілігі жайында маңызды мәселелерді көтерді. Басқарма басшысы гидротехника мамандығына сұраныс болған жағдайда кезең-кезеңмен енгізу мүмкіндіктерін қарастыруға дайын екенін атап өтті.
Өңір тұрғыны Қазбек Какенов өз кезегінде мектептерге қазақ батырлары мен тарихи тұлғалардың есімдерін беру туралы ұсыныс жасады. Бұл сұраққа байланысты мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мамандарымен бірлесе отырып, алгоритмге сәйкес қалай атаулар берілетіндігі туралы түсіндірді.