Павлодарда Иса Байзақовтың әніне арналған туындының тұсаукесері өтті
Әйгілі композитордың «Желдірме» атты шығармасына эстрадалық фантазия орындалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Естай атындағы мәдениет сарайында Павлодар музыкалық кешені жанындағы колледждің 65 жылдығы мен дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернатының 20 жылдық мерейтойына арналған гала-концерт ұйымдастырылды.
Аталмыш іс-шарада халық аспаптары, классикалық музыка орындалып, үрлемелі-ұрмалы аспаптар мен джаз шырқалды. Сондай-ақ, эстрадалық-симфония мен хорлар, ұлттық фольклор, вокалдық шығармалар да орын алды. Концертте сахнаға шығып, өнерлерін паш еткен қатысушылар – колледждің студенттік шығармашылық ұжымдары.
– Бәрімізге мәлім, Павлодар музыкалық колледжі – өңіріміздегі жалғыз кәсіби музыкалық білім беретін өнер және білім ордасы. Білім ордамыздан әлемге әйгілі музыканттар шыққан. Осындай мерейлі тойымызды барша көрермендерімізбен, достарымызбен бірлесе отырып, ұйымдастыруды жөн көрдік, - дейді «Музыкалық колледж – дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернат» кешені» ММ басшысы, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» Серік Сыздықов.
Оның айтуынша, осы уақыт ішінде білім ордасынан алты мыңнан астам түлек түлеп ұшқан. Гала-концертте еліміздің түкпір-түкпірінде және шет елдерде өзінің музыкалық карьерасын жалғастырып жатқан музыканттар бар. Іс-шарада 30-ға жуық музыкалық нөмірлер ұсынылды. Бұдан бөлек, концерт барысында жаңадан құрылған шығармашылық ұжымдар мен туындылардың тұсаукесерлері болды.
– Атап өтсек, жас дирижер Диана Мукатованың басшылығымен жаңадан құрылған эстрадалық-симфониялық оркестр мен Иса Байзақовтың «Желдірме» әніне арнайы жазылған эстрадалық фантазияның тұсаукесері өтеді. Аталмыш туынды алдағы уақытта келе жатқан Иса Байзақовтың мерейлі тойына арналған, - деп бөлісті спикер.
Көрермендер концерт соңында ұзақ қол соғып, өнеріне тәнті қылған музыканттармен қимай қоштасты. Өнерсүйер қауым мерекелік кешке ата-анасын, жақын жандарын, достарын шақырды.
– Біздің мекемімізді осындай айтулы 65-жылдық мерейтоймен шын жүректен құттықтаймын. Бұл – үлкен жұмыс. Бүгінгі концертте өнер көрсететін барша өнерпаздардың артында түні-бойы ұйықтамай, ерекше дайындықпен келген еңбек, уақыт жатыр. Мерейтойды ұйымдастырып жатқан басшымызға алғысымызды білдіреміз, - дейді дәстүрлі ән бөлімінің 4-курс студенті Аружан Қаршыға.
Қатысушы фольклорлық ансамбльмен дәстүрлі ән орындайды. Концертке дайындық үш айға созылды. Болашақ дәстүрлі әншінің сөзінше, сахнаға шығып, өнер көрсету – студенттер үшін зор мүмкіндік.
Айта кетейік, музыкалық кешеннің әкімшілігі мен педагогикалық ұжымы осы гала-концертті ұйымдастыруда қолдау көрсетіп, көмек қолын созған барша ұжымға зор алғыстарын білдірді.