Павлодарда көктайғақ салдарынан жарақат алғандар саны артқан
Жыл басынан бері мыңға жуық тұрғын түрлі жарақатпен дәрігер көмегіне жүгінген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс орталығындағы №1 қалалық аурухананың жарақат пунктіне көктайғақ салдарынан жарақат алған тұрғындар жиі түседі. Бұл туралы аталмыш медициналық мекеменің травматолог дәрігері Дәурен Смағұлов мәлімдеді. Травматолог дәрігердің айтуынша, тек кеше, яғни 20 қаңтарда жарақат пунктіне 50 адам келген. Оның 5-еуі - көктайғақ салдарынан жарақат алғандар. Олардың біреуі алған жарақатының ауырлығына байланысты ауруханаға жатқызылса, қалған төртеуі дәрігердің тексеруінен кейін үйлеріне кеткен.
Жыл басынан бері жарақат пунктіне шамамен 1000 адам түрлі шағыммен жүгінген. Көбіне азаматтар көшеде тайып құлап, аяқ-қолын жарақаттап алады. Оған мұздан тазаланбаған жаяу жүргіншілер жолдары себеп болуда.
- Бұдан бөлек, бізге демалыс кезінде тюбингпен таудан және мұз айдындарында сырғанау барысында жарақат алу деректері тіркелді. Мәселен, жаңа жыл мерекелері кезінде рұқсат етілмеген жерде сырғанаған 19 жастағы қыз бұғана сүйегін сындырып алған. Науқас медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне шығарылды, - дейді дәрігер.
Маман жарақат алғандардың жас ерекшелігі әртүрлі әрі жарақаттардың басым бөлігі соғылу мен созылу екенін, кей жағдайларда сүйек сынуы тіркеліп, науқастар травматология бөліміне жатқызылатынын айтады.
Осы ретте ақ желеңділер тұрғындарды қыс мезгілінде сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады. Атап айтқанда, таймайтын аяқ киім кию, мұзды және тайғақ жерлерді айналып өту, жүріп-тұру кезінде абай болуды ескертеді. Сондай-ақ, тюбингпен және таудан тек арнайы жабдықталған, рұқсат етілген орындарда ғана сырғанау қажет.
- Жарақат алған жағдайда өздігінен емделмей, дер кезінде медициналық көмекке жүгіну өте маңызды. Егер үш күн ішінде жағдай жақсармаса, тұрғылықты жері бойынша травматологқа немесе терапевтке қаралу қажет, - деп атап өтті дәрігер.
Еске сала кетейік, қала тұрғындары медициналық көмек алу үшін №1 қалалық аурухананың жарақат пунктіне, сондай-ақ облыстық аурухананың жарақат пунктіне жүгіне алады.