Павлодарда келер жылы шағын кәсіпкерлер үшін салықтық рақымшылық енгізіледі
Жаңа Салық кодексіне көшу кезеңінде мемлекет микро және шағын бизнес субъектілеріне фискалдық жүктемені азайту туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын бизнес субъектілеріне 2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңдер бойынша салықтық әкімшілендірудің жекелеген мәселелеріне қатысты жеңілдіктер ұсынылады.
Қолдау шараларының қатарында өткен жылдардағы салықтар бойынша камеральдық тексерулер жүргізбеу және аталған кезеңдерге салықтық тексерулер тағайындамау көзделген. Бұл талаптар қосымша есептіліктерге, бейрезиденттерге қатысты міндеттемелерге, қылмыстық істер мен прокуратура талаптарына, сондай-ақ кәсіпкердің өз өтінішімен жүргізілетін тексерулерге қолданылмайды.
Сондай-ақ, 2026 жылға дейін микро және шағын бизнес арасында жасалған мәмілелер мен бизнесті тіркеу немесе қайта тіркеуді жарамсыз деп тану туралы сотқа талап-арыздар беру тоқтатылады.
Кәсіпкерлік қызметті жеңілдетілген тәртіппен тоқтату камеральдық бақылаусыз жүзеге асырылады. Бұдан бөлек, егер салық төлеуші 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша негізгі салық берешегін 2026 жылғы 1 қаңтар мен 31 наурыз аралығында толық өтесе, есептелген өсімпұлдар мен айыппұлдар есептен шығарылады. Бұл ретте негізгі қарыз толық төленуі тиіс.
Микро және шағын бизнес субъектілері 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған айналымдар үшін ҚҚС бойынша есепке тұрмағаны немесе есептілікті тапсырмағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды.
Қазіргі уақытта «Камеральдық бақылаусыз ликвидация және қызметті тоқтату, сондай-ақ өсімпұлдар мен айыппұлдарды кешіру» қағидалары әзірленіп жатыр және ашық НҚА порталында жарияланады.
Бұл шаралар микро және шағын бизнесті қолдауға, реформаларға бейімделу кезеңінде кәсіпкерлерге жаңа кезеңді «таза парақтан» бастауға мүмкіндік беруге бағытталған.