Павлодарда колледж түлектері бір жылда жоғары білім ала алады

Павлодарда колледж түлектері бір жылда жоғары білім ала алады
Фото: Ақпараттық технологиялар колледжінің баспасөз қызметі

Екі оқу орны бағдарламашылар мен менеджерлер үшін білім берудің жаңа деңгейін дамыту туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ақпараттық технологиялар колледжіне ИнЕУ ректоры Шыңғыс Мәкенов жұмыс сапарымен келді. Оған оқу орнының білім беру алаңдары таныстырылып, ІТ-хаб пен зертханалардың жұмысы, сондай-ақ студенттердің ақпараттық технологиялар саласындағы жобалары көрсетілді. Сапар барысында екі оқу орны арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайту мәселелері талқыланды.

Қол қойылған құжат білім беру саласындағы серіктестікті күшейтуге және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлауға бағытталған. Ынтымақтастық аясында орта буын маманы (4S), қолданбалы бакалавр (5АВ) және жоғары білім (6B) бағдарламалары арасындағы академиялық сабақтастықты дамытуға ерекше назар аударылады. 

Жаңа бастама колледж түлектеріне өз мамандығы бойынша оқуын жалғастырып, қысқартылған мерзімде – бір жыл ішінде жоғары білім алуына мүмкіндік береді. Мұндай тәжірибеге бағдарланған тәсіл жас мамандардың кәсіби және мансаптық өсуіне жол ашады, – деді ақпараттық технологиялар колледжінің баспасөз қызметі.

Колледж бен университеттің бірлескен бағдарламалары цифрлық экономиканың талаптарына сай кадрлар даярлауда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар Ақпараттық технологиялар колледжі Оңтүстік Корея университеттерімен қос дипломды білім беру бағдарламаларын енгізу мүмкіндігін де қарастырып жатыр.