Павлодарда коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті

Павлодарда коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бес мың тоннадан астам қар шығарылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Қысқы кезеңде күн сайын Павлодар қаласының көшелерін қардан тазалау жұмыстарына шамамен 250 жұмысшы және екі мердігер ұйымның — «Горкомхоз-Павлодар» ЖШС мен «Холдинг-Трансс-Павлодар» ЖШС-нің 300-ге жуық арнайы техникасы жұмылдырылуда.

Қала әкімінің тапсырмасымен бүгінгі таңда шамамен 200 техника жұмыс істеуде, 5 мың тоннадан астам қар шығарылды. Қарды шығару жұмыстары үнемі қаланың барлық орталық магистральдарынан және қоғамдық көліктің қозғалысы қиындайтын орындардан жүргізіліп, кейін екінші дәрежелі көшелерге ауысады.

Бірінші кезекте көлік қозғалысы қарқынды жүретін жолдар, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға апаратын жолдар, сондай-ақ тұрғын үй аулаларына кіреберістер тазаланады. Сонымен қатар жол бөлігі мен тротуарларға көктайғаққа қарсы материал, атап айтқанда құм себіліп, қарды механикалық түрде күреу, сыпыру және жиектегі қар үйінділерін арнайы орындарға шығару жұмыстары атқарылады.

Автобус және трамвай аялдамаларындағы отырғызу алаңдарын, сондай-ақ жаяу жүргіншілер жолдарын мұздан және тығыздалған қардан тазалау жұмыстары жүргізілуде. Тротуарларды тазалау үшін 18 техника тартылған: 8 құм себу машинасы және 10 тротуарлық щетка.

Ішкі аула аумақтарын тазалау жұмыстарына 23 техника қатысуда — 7 тиегіш, 14 самосвал және 2 жол щеткасы.

Аула аумақтарын тазалау кезекпен, сондай-ақ тұрғындардан келіп түскен өтінімдер бойынша жүргізіледі. Аулаларды тазалау жұмыстарына шамамен 100 техника жұмылдырылған.

Қысқы маусымға жолдар мен тротуарларды өңдеуге 30 мың тоннаға жуық құм дайындалды.

Тазалау жұмыстарына өтінімдерді «109» қызметі арқылы, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі парақшалар — @akimat.pavlodar және қала әкімі @khassarkhabylbekov арқылы қалдыруға болады.

Қала әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, тұрғын үйден 5 метр радиустағы аумақты тазалау жұмыстарын қызмет көрсетуші ұйымдар орындайды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.