Павлодарда коммуналдық желілерге қосылу тәртібі өзгерді

Павлодарда коммуналдық желілерге қосылу тәртібі өзгерді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Енді электр, су, газ және жылу желілеріне қосылуға өтінімдерді коммуналдық кәсіпорындардың кеңселері қабылдамайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, 2026 жылғы 9 қаңтардан бастап коммуналдық желілерге қосылуға немесе қолданыстағы қуат көлемін ұлғайтуға өтінім беру тәртібі өзгерді. Тиісті өзгерістер Қазақстан Республикасының «Табиғи монополиялар туралы» заңына енгізілді.

Жаңа талапқа сәйкес, табиғи монополия субъектілерінің кеңселері арқылы өтінім қабылдау тоқтатылды.

Енді өтінімдерді тек электрондық форматта немесе мемлекеттік қызмет көрсету арналары арқылы беруге болады. Атап айтқанда, өтініштер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, eGov электрондық үкімет порталы, бейінді министрліктер мен ведомстволардың цифрлық жүйелері, сондай-ақ Қала құрылысы кадастрының мемлекеттік ақпараттық жүйесі (gov.ggk.kz) арқылы қабылданады.

Жаңа тәртіп электр, су, газ және жылу желілеріне алғаш рет қосылуға, сондай-ақ қолданыстағы қосылу көлемін ұлғайтуға өтінім беретін жеке және заңды тұлғаларға қатысты қолданылады.