Павлодарда мас әйел көліктің астына түсе жаздады
Полицейлер тұрғынды үйіне дейін шығарып салды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, күн сайын 102 операторының пультіне облыс тұрғындарынан қоғамдық орында алкогольдік мас күйінде азаматтардың жүргені туралы шақырулар келіп түседі. Құқықтық тәртіп сақшылары мұндай бұзушылықтарды рейдтік іс-шаралар, патрульдеу, әлеуметтік желілердің мониторингі барысында да анықтайды.
– Мысалы, Естай көшесінде жол бойымен әйел жүріп келе жатып, көліктің астына өзі түседі. Шақыруға келген тәртіп сақшыларына әйел өзінің танысында аздап ішкенін және көшеде көктайғақ болғандықтан оған жүру қиын екенін түсіндірді. Полицияның патрульдік инспекторлары әйелді жаяу үйге аман-есен жеткізді,– деді Павлодар қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының командирі Айдар Сламбеков.
Басқа жағдайда кафелердің бірінің жанында мас адам тұрып, өтіп бара жатқан адамдарға тиіскен. Патрульдік полиция батальонының инспекторлары мас адамды қалалық уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізді. Өткен тәулікте облыс орталығында полицейлер уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына 87 адамды орналастырды.
Полицейлер алкоголь ішу аса ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екенін ескертеді: ұрлық, ұрып-соғу, дене жарақатын келтіру.