Павлодарда мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолы кесілді

Павлодарда мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолы кесілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ол «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында мүмкін болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Павлодар облысының полицейлері «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысын шығарды. Аталған шара барысында 25 қылмыс ашылып, 4 қылмыскер ұсталды.

– Жалпы 1303 құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Оның ішінде 288 жағдайда қоғамдық орындарда ішімдік ішу және мас күйде жүру фактілері, сондай-ақ 48 ұсақ бұзақылық тіркелді, - делінген хабарламада. 

Полиция қызметкерлерінің ерекше бақылауында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету болды. Негізгі назар жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзудың алдын алуға аударылды. Нәтижесінде үш күн ішінде көлікті мас күйде басқарудың 21 фактісі анықталды.

Мәселен, Ақсу қаласында полиция қызметкерлері «Mercedes-Benz» маркалы автокөлікті тоқтатты. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес жүргізуші алкогольдік масаң күйде болған. Әкімшілік іс қозғалып, материал сотқа жолданды.

Сонымен қатар, бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған үш жүргізуші ұсталды.

Көші-қон қызметі тарапынан тіркеусіз немесе құжатсыз тұрудың 316 фактісі анықталды.

Қоғамдық орындарда мас күйде жүргені үшін 413 адам бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізілді.

Тәртіп сақшылары азаматтарды заң мен тәртіпті сақтауға, қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке әкелетін әрекеттерден аулақ болуға шақырады.