Павлодарда отқа оранған дүкенде қызметкер көз жұмды

Павлодарда отқа оранған дүкенде қызметкер көз жұмды
Фото: облыстық ТЖД

Құрылыс материалдары жанып, ғимарат өртенді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, сағат 10:45-те Астана көшесінде орналасқан құрылыс материалдары дүкенінде өрт шыққаны туралы хабарлама түсті. Шақырту орнына өрт сөндіру бөлімшелері, жедел құтқару жасағы мен апаттар медицина орталығы дереу жіберілді.

– Өрт сөндірушілер тез арада 40 шаршы метр алаңда құрылыс материалдарының жануын сөндіруге кірісті. Жұмысты қатты түтін қиындатты. Ғимараттан бір газ баллоны шығарылды. Өрт шыққан жерде 1965 жылы туған дүкен қызметкерінің денесі табылды, – деді департаментте.

Өрт сағат 11:50-де толықтай сөндірілді. ТЖД күштері мен құралдарынан 54 қызметкер мен 10 техникасы жұмылдырылды. Өрт себебі анықталуда.