Павлодарда полицейлер тұрғындардың ұялы телефондарын тексереді
Тәртіп сақшылары азаматтардан ұялы телефондарын тексерген жағдайда түсіністікпен қарауды сұрайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 2024 жылғы 28-29 наурыз аралығында «Мобильник» жедел профилактикалық іс-шарасы өтеді. Мақсаты – өңір аумағында ұялы телефон ұрлығының алдын алуды болдырмау және ашу бойынша жедел жағдайды тұрақтандыру.
– Ұрлық жасауға, ұрланған ұялы телефондарды сатып алуға және сатуға қатысы бар адамдарды анықтауға, оларды ұстауға және қылмыстық жауапкершілікке тартуға бағытталған іс-шара барысында «криминалдық заттар» санаты бойынша ұялы телефондарды тексеру жүзеге асырылады, – деді полиция департаменті криминалдық полиция бастығы Балғабай Қапаров.
Сондай-ақ, ұялы телефондарды сатып алу, жөндеу және сату орындары, қабылдау және сату журналдары міндетті түрде тексеріледі.
Барлық тексеру іс-шаралары қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң түрде өтеді. Осыған байланысты азаматтардан ұялы телефондарын тексерген жағдайда түсіністікпен қарауды сұрайды.
Айта кетейік, бүгінгі таңда облыс аумағында 66 ұялы телефон ұрлығы тіркелген.