Павлодарда сатушы алкогольді белгіленбеген уақытта сатқаны үшін жазаланды
Дүкен иесі бұған дейін де жауапкершілікке тартылған еді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, дүкендердің бірінде сатушы алкогольді белгіленбеген уақытта сатты.
– Бұған дейін бұл дүкен полицияның назарына ілігіп, иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын. Қайтадан алкоголь өнімін белгіленбеген уақытта сатқаны үшін иесіне қатысты материал жасалып, сотқа жолданды, – деді Павлодар қаласы ПБ бастығының бірінші орынбасары Арман Қаптаев.
Павлодарлық полицейлер еске салады: сағат 21:00-ден бастап келесі күннің сағат 12.00-не дейін дүкен иесі этил спиртінің көлемдік үлесі 30% - дан асатын алкоголь өнімін сатқаны үшін жауапқа тартылады.
Жалпы мас күйінде жасалатын қылмыстардың алдын алу мақсатында Павлодар қаласының полиция қызметкерлері алкоголь өнімін өткізу саласындағы заңнаманы сақтау тұрғысынан күн сайын профилактикалық іс-шаралар жүргізеді. Жыл басынан өңірде аталған заңнама талаптарын бұзғаны үшін 43 құқық бұзушы жазаланды.