Павлодарда сотталғандарға қолдау көрсету күшейтілді
Шараның мақсаты – сотталғандардың уақтылы қажетті көмек алуына жағдай жасау және тәртіп бұзушылықтардың алдын алу, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастамасымен №63 мекемеде жазасын өтеушілердің қауіпсіздігін арттыруға және оларға қолдау көрсетуді күшейтуге бағытталған ауқымды профилактикалық іс-шара өткізілді.
– Бұл шара белгіленген тәртіптің бұзылуының, соның ішінде қасақана әрекеттердің алдын алуға мүмкіндік береді. Іс-шараның негізгі мақсаты – әрбір сотталған азаматтың уақытында қажетті көмекті алуына жағдай жасау және жағымсыз салдарларға әкелуі мүмкін жағдайлардың алдын алу, – деді облыстық ҚАЖД баспасөз қызметі.
Департаменттің бастамасымен құрылған мамандар сотталғандарға кешенді қолдау көрсету бойынша жұмыстарды жүргізді. Оларға психологиялық, құқықтық және медициналық көмекті уақтылы көрсету бойынша жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, олардың эмоциялық және психологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге, құқықтары мен міндеттері туралы түсіндіруге, сондай-ақ денсаулығын тексеруге баса назар аударылды.
ҚАЖ департаменті осылайша түзеу мекемелеріндегі жағдайды жақсартып, сотталғандардың оңалтуына жағдай жасауды жалғастыратынын мәлімдеді.